Қазақстанда 2025 жылы 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 жаңа мектеп салынды.
Оның 112-сі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа білім ошақтарының іске қосылуы 27 үшауысымды және 11 апатты мектеп мәселесін шешуге, сондай-ақ 160 мың орын тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Министрлік мәліметінше, аталған жобалардың 40 пайыздан астамы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Сонымен қатар Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 81 мектеп салынса, қайтарылған активтер қаражатына Ұлытау облысында екі мектеп, Солтүстік Қазақстан облысында бір балабақша бой көтерді. Арнайы мемлекеттік қор арқылы 5 мектеп, 2 балабақша және 1 жатақхана қаржыландырылған.
Бұдан бөлек, реновация бағдарламасы аясында 209 мектеп жаңартылып, 1 000 ауыл мектебі заманауи стандартқа сай жабдықталды. Нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды мен Қызылорда облыстарында үшауысымды оқыту мәселесі толық жойылды.





