
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов кибералаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың ақшасын қайтару процесі қалай жүзеге асатынын түсіндірді. Бұл туралы ол Мәжілісте өткен үкімет сағатында айтты.
Депутаттар Украинада ұсталған трансұлттық қылмыстық топ және одан келген шығынды өтеу мәселесін көтерді. Белгілі болғандай, аталған топтың мүшелері Қазақстан азаматтарын телефон арқылы алдап, ірі көлемде қаражат жымқырған. Қылмыстық топты ұстау операциясына қазақстандық тәртіп сақшылары да қатысқан.
Министрдің айтуынша, Украинада жүргізілген бірлескен операция барысында 32 адам ұсталған. Алайда олар Қазақстанға экстрадицияланбайды, Украинада жауапқа тартылады.
«Тергеу шаралары екі елде қатар жүргізіледі. Біз ұсталған қылмыскерлердің базасын қарап, олардың әрекетінен зардап шеккен азаматтарымызды анықтадық. Алдымен олар жәбірленуші деп танылады. Содан кейін барлық материалдар Украинаға жіберіледі. Тергеу аяқталған соң қылмыстық істер сотқа жолданады. Соттың шешімімен жәбірленушілер өтемақы ала алады», – деді Ержан Сәденов.
Алайда министр халықаралық деңгейде жасалған алаяқтық істері бойынша шығынды өтеу оңайға соқпайтынын атап өтті.
«Мысалы, Украинада ұсталған топтың әрекетінен тек Қазақстан азаматтары ғана емес, өзге елдердің – Украина, Ресей және басқа мемлекеттердің азаматтары да зардап шеккен. Олардың барлығын қамтып, тергеу жүргізу үшін уақыт қажет», – деп түсіндірді министр.
Еске сала кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда кибералаяқтық деректері күрт көбейіп, бұл қоғамда алаңдаушылық тудыруда. ІІМ өкілдері азаматтарды абай болуға және күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеуге шақырады.