Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Көлік министрлігі ескертеді: Ұшақта қандай сөздерді қолдануға болмайды?

Көлік министрлігі ескертеді: Ұшақта қандай сөздерді қолдануға болмайды?

Әуежайда немесе ұшақ бортында абайсыз айтылған бір ғана сөз рейстің кешігуіне ғана емес, жүздеген жолаушы мен экипажға қолайсыздық туғызып, әуежай жұмысына да әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Көлік министрлігі

Мысалы: авиацияда «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару», «басып алу» сияқты сөздер және басқа да осыған ұқсас мәлімдемелер қауіпсіздікке төнген қатерді білдіреді. Мұндай жағдайда экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметтері белгіленген рәсімдерге сәйкес әрекет етуге міндетті.

Мысалы, Алматы – Ақтау бағытындағы рейсінде жолаушылардың бірі «бомба» деген сөз айтқан. Оқиғаға дереу авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері мен көліктік полиция қызметкерлері тартылып, ер адам рейстен түсірілді. Нәтижесінде рейстің ұшуы екі сағатқа жуық уақытқа кешіктірілді.

Бұл шамадан тыс реакция сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ авиация саласында олай емес. Экипаж мұндай сөздің әзіл, абайсызда айтылған сөз немесе нақты қауіп туралы ақпарат екенін бірден анықтай алмайды.

Сондықтан осындай кез келген мәлімдеме жасалған жағдайда авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету рәсімдері дереу іске қосылады: әуе кемесі мен багаж тексеріледі, арнайы қызметтер тартылады, қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуациялануы немесе әуежайдың жекелеген аймақтарына кіру шектелуі мүмкін.

Нәтижесінде әуе кемесін немесе экипажды ауыстыру, рейсті кейінге қалдыру және жолаушыларға қайта қызмет көрсету қажеттілігі туындауы мүмкін. Мұның барлығы әуе компания мен әуежай үшін қосымша шығындарға әкеледі.

Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы жалған хабарлама жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу жазасы көзделген.

Ұшақта және әуежайда себепсіз бомба, жарылғыш зат, қару, тапанша, террористер, терроризм актісі, әуе кемесін басып алу туралы, сондай-ақ жолаушыларға немесе экипажға зиян келтіру ниеті, багажда немесе қол жүгінде қауіпті заттардың бар екені туралы сөздер айтуға және мұндай тақырыпта әзілдеуге болмайды.

 

 

Ұқсас материалдар