Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Кәсіби менеджерлер тапшылығы мен қазақ тіліндегі бизнес-білім мәселесі талқыланады

Кәсіби менеджерлер тапшылығы мен қазақ тіліндегі бизнес-білім мәселесі талқыланады

 26 қыркүйек күні Алматы қаласындағы META Университетінде қазақ тілінде жүргізілетін алғашқы MBA бағдарламасы – Qazaq MBA таныстырылады.

Шара аясында еліміздегі кәсіби менеджерлер тапшылығы мен мемлекеттік тілдегі бизнес-білім беру мәселелері кеңінен талқыланбақ.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда білікті менеджерлердің жетіспеушілігі экономикаға айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Басқару шешімдерінің сапасы төмен болған сайын кәсіпорындардың тиімділігі мен елдің экономикалық дамуы да бәсеңдейді.

Бұдан бөлек, бизнес саласында қазақ тілінің толыққанды қолданылмауы да өзекті мәселелердің бірі ретінде көтерілуде. Мамандар бұл олқылықты мемлекеттік тілде жүйелі әрі сапалы басқарушылық білімнің жоқтығымен байланыстырады.

Осы мәселелерді шешуге бағытталған Qazaq MBA бағдарламасы – қазақ тілінде толыққанды MBA білімін беруді көздейтін еліміздегі алғашқы жоба. Бағдарлама авторлары халықаралық стандарттарға сай білімді ұлттық тілде ұсынуды мақсат етіп отыр.

Іс-шара барысында келесі тақырыптар қозғалады:

  • Қазақстандағы кәсіби менеджерлер тапшылығының негізгі себептері;

  • Қазақ тілінің бизнес саласындағы қазіргі орны мен болашағы;

  • Халықаралық тәжірибені ұлттық ортаға бейімдеу жолдары.

Жиын аясында панельдік пікірталас ұйымдастырылып, журналистер мен қатысушыларға өзекті сұрақтар қою мүмкіндігі беріледі. Шараға бизнес өкілдері, сарапшылар, білім саласының мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады деп күтілуде.

Айта кетейік, бұл бастама қазақ тілінде сапалы және заманауи бизнес-білім беруді дамытудағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Ұқсас материалдар