Қытай Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты жеңілдету және аймақты қалпына келтіру үшін 100 миллион доллар бөлетінін жариялады.
Бұл туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Франция президенті Эммануэль Макронмен өткен келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында айтты.
Си Цзиньпиннің мәлімдеуінше, Қытай мен Франция аэроғарыш, атом энергетикасы, жасыл өнеркәсіп және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге келіскен.
Өз кезегінде Эммануэль Макрон Қытайдың Украинадағы соғысты тоқтату мәселесінде Ресейге ықпал етуін қалайтынын жеткізді. Ол қазіргі геосаяси жағдай халықаралық тәртіптің ыдырау қаупін күшейтіп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Париж бен Бейжің арасындағы диалогтың маңызы артып келе жатқанын айтты.
«Біз Қытайдың уақытша атысты тоқтату және әсіресе өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдарға жасалатын шабуылдарға мораторий енгізуге бағытталған күш-жігерімізді қолдайтынына үміттенеміз», – деді Макрон.





