Үлескерлерден 1,8 млрд теңге алған құрылыс компаниясының екі басшысы сотталды

Өскемен қаласында тұрғын үй құрылысына рұқсат құжаттары болмай тұра пәтер сатқан құрылыс компаниясының екі жетекшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы қалалық №2 соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Қалай алаяқтық жасалған
2021-2024 жылдар аралығында айыпталушылар көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға заңды рұқсаты болмағанына қарамастан, пәтерлерді сату туралы жарнамалар жариялаған. Азаматтардың сенімін арттыру үшін түрлі жеңілдіктер ұсынып, ұтыс ойындарын ұйымдастырған.
Клиенттермен үйді брондау туралы келісімшарттар жасасқанымен, бұл құжаттар үлестік қатысу шарттары болып саналмайды және пәтер иеленуге құқық бермейді.
Қаржылық шығын көлемі
Осы заңсыз әрекеттердің салдарынан 103 адам зардап шекті. Материалдық шығын көлемі 1 миллиард 800 миллион теңгеден асты.
Сот үкімі
Сот бір айыпталушыны 7 жылға, екіншісін 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, екеуіне де 10 жыл бойы құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын толық қанағаттандырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.