Алматы қаласында мәслихаттың кезектен тыс сессиясында 2026-2028 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Ішкі бюджетті қайта бөлу есебінен бірнеше жаңа инфрақұрылымдық жобаға қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Қала экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, жобалардың бірі – Үлкен Алматы көлі бағытына жаяу жүргіншілер жолын салу. Бұл мақсатқа 665 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар Медеу табиғи паркі аумағын абаттандыру жұмыстарының бастапқы кезеңіне 2 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Шешім әлеуметтік желілерде тұрғындардың көлге жаяу бару кезінде қауіпсіз жолдың жоқтығына байланысты шағымдарынан кейін қабылданған.
Еске салайық, 2025 жылдың ақпанында Үлкен Алматы көліне апаратын «Алматы–Космостанция» автожолы қалалық әкімдіктің меншігіне өткен. Қазіргі уақытта жол жабынының апатты жағдайына және тау жыныстары құлау қаупіне байланысты бұл бағыт автокөліктер үшін уақытша жабық. Жолды жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.





