Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге төмендетті?

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені неге төмендетті?

ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов Базалық мөлшерлемені 14,25%-ке дейін төмендетуге негіз болған факторлар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Шешім қабылдауға негіз болған факторларға тоқталсақ,  бірінші - инфляция және инфляциялық күтулер динамикасы. Маусымның қорытындысы бойынша, бағаның өсуі азық-түлік компонентіне және тарифтік реформаны іске асырудың төмендеген қарқынына байланысты жылдық мәнде  8,4%-ке дейін баяулады. Инфляцияның қазіргі динамикасы ауыл шаруашылығындағы және тамақ өндірісіндегі бағаның төмендеу әсерімен қалыптасып келеді», деді ҰБ басшысы.

Оның айтуынша өндірушілердің бағаларды төмендету үрдісі әлсірей бастады. Инфляция құрылымында барлық компоненттің баяулағаны байқалуда. Атап айтқанда, азық-түлік компоненті мамырдағы 5,5%-дан маусымда 5,4%-ке дейін баяулады.

«Азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,6%-дан 7,4%-ға дейін, сервистік инфляция 13,9%-тен 13,8%-ке дейін баяулады. Оң фактор ретінде айлық инфляцияның динамикасын өз алдына бөлек атап өткім келеді. Маусым айында ол 0,4% құрады. Бізде ол орташа тарихи мәндерден төмен – 0,5%.  Сонымен бірге базалық және маусымдық фактордан тазартылған инфляция көрсеткіштері мамырда төмендегеннен кейін біршама өсті», деді Сүлейменов.

Алдағы бір жылда күтілетін инфляцияны бағалау теңгенің номиналды айырбастау бағамының әлсіреуінен сәуірдегі жоғары мән – 16,1%-тен маусымда 13,3%-ке дейін төмендеді.

ҰБ төрағасы атап өткен екінші фактор - ішкі экономикадағы үрдістер.

«Қазақстан экономикасының өсуі 2024 жылғы қаңтар-мамырда қысқамерзімді экономикалық индикатор негізінде 3,7% деңгейінде бағаланды. Бұл ЖІӨ-нің барлығы деген сөз емес, қысқамерзімді экономикалық индикатор деген сөз. Іскерлік белсенділіктің өсуіне ішкі және сыртқы сұраныс әсер етті. Ең жоғары өсу қарқыны құрылыс, көлік, ақпарат және байланыс салаларында байқалды. Өнеркәсіпте өңдеу секторының орнықты динамикасы ерекшеленді. Ол 5,2%-ға өсті. Сауда саласы орнықты ішкі сұранысқа байланысты 2,3%-тен 3,1%-ке дейін жеделдеді. Жиынтық ішкі сұраныс орнықты. Ішкі сұранысқа халықтың нақты табысының өсімі қолдау көрсетіп отыр. Жаңартылған деректерге сәйкес, 1-тоқсанда ол аздап артта қалды. Нақты табыстың өсімі 4,7%-ды құрады. Сондай-ақ, бұған экономиканың шикізатқа жатпайтын секторындағы инвестициялық белсенділіктің өсуі де ықпал етіп отыр. Бұл көрсеткіш 13,9 пайызға артқан және оған фискалдық ынталандырудың жалғасын тапқаны да бар. Ұлттық Банк қадағалайтын іскерлік белсенділік индексі бес ай қатарынан оң аймақта қалыптасып келеді. Бизнес-цикл сағаты экономиканың өсу фазасында екенін көрсетіп тұр», деді ол.

Ал үшінші - сыртқы экономикалық факторларының жиынтығы қолайсыз сыртқы инфляциялық жағдайды қалыптастыруда.

«Ол алдымен азық-түліктің әлемдік бағасына және біздің басты сауда-серіктесіміздің бірі – Ресейдегі инфляция динамикасына байланысты. ФАО индексі үш ай қатарынан өсіп, мамыр мен маусымда 120,6 тармақ деңгейінде сақталды. Маусым айында астық құнының төмендеуі өсімдік майлары, қант және сүт өнімдері бағасының өсуін өтеуге мүмкіндік берді. Сыртқы ақша-кредит шарттары қатаң қалпында қалды. Осылайша, әлемдегі инфляцияның баяулау үрдісі жалғасуда. Бірақ базалық инфляция көрсеткіштері барынша тұрақты және көп елде таргеттен жоғары қалыптасып отыр.  Жалпы инфляцияның төмендеуі жаһандық экономикалық белсенділік қарқынының баяулауынан және энергия көздері бағасының төмендеуінен қалыптасып отыр. Еуроодақта мамырда инфляцияның 2,7%-ке дейін аздап жеделдеуі байқалады. Сәуірде ол 2,6% болған еді. Алайда, Еуропа Орталық банкі базалық инфляция мен инфляциялық күтулердің төмендеуінен мөлшерлемелерді 9 ай бойы өзгеріссіз деңгейде ұстап тұрғаннан кейін саясатты жеңілдетуге көшті», деді Сүлейменов.

Сонымен қатар, Еуропа Орталық банкі мақсатқа қолжеткізу ұстанымы туралы мәлімдеп, болашақта ұстамды проценттік мөлшерлемелерді сақтап қалу ниетін білдірді. АҚШ-та инфляцияның 3%-ке дейін баяулағаны байқалады.

«Дегенмен, инфляцияның деңгейі әлі де жоғары деп бағаланады. АҚШ Федералды Резервтік Жүйенің риторикасына сәйкес инфляцияның мақсатқа жақындауының сенімді белгілерін алғанша мөлшерлемелерді төмендету жоспарда жоқ. Маусым айында Ресейде инфляция 8,6%-ке дейін өсті. Осы арада Ресей Федерациясы Орталық банкінің риторикасы айтарлықтай қатаңдады. Реттеушінің мәлімдемесіне сәйкес, инфляция бойынша мақсатқа қолжеткізу қатаң ақша-кредит шарттарын неғұрлым ұзақ уақыт бойы сақтауды талап етеді. Бұл ретте РФОБ негізгі мөлшерлеме де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.  Мұнай бағасы биылғы маусымда орта есеппен 83 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасты. Бұл ОПЕК+ елдерінің шикі мұнай өндірудегі шектеулерін биылғы қазаннан бастап біртіндеп жеңілдету туралы күтулерге байланысты», деді ҰБ төрағасы.

 

  

Ұқсас материалдар