
Ұлттық қор қаражаты мақсатсыз пайдаланылған немесе есепті жыл ішінде игерілмеген жағдайда оны қайтарудың жаңа регламенті бекітілді.
Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша жүзеге асырылды.
Бұған дейін Жоғары аудиорлық палата 2019-2021 жылдар аралығында Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттердің тиімділігіне аудит жүргізген.
Аудит қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне мынадай ұсынымдар берілді:
– қаражат рұқсат етілмеген бағыттарға жұмсалған жағдайда оны қайтару қағидаларын бекіту;
– пайдаланылмаған қаражатты қайтару мерзімі мен тәртібін нақтылау үшін тиісті қаулыға өзгерістер енгізу;
– нысаналы мақсатта пайдаланылғаннан кейін қайта қолдануға жол бермеу үшін бюджеттік кредиттер мен облигациялық қарыздар түрінде берілген қаражатты қайтару механизмін әзірлеу.
Нәтижесінде Бюджет кодексіне қажетті түзетулер енгізілді. Биыл 2 шілдеде Ұлттық қормен жұмыс тәртібін жаңартатын Үкімет қаулысы қабылданды.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі 2025 жылға арналған бірқатар бұйрық шығарды, атап айтқанда:
– бюджетті атқару және оның кассалық қызмет көрсету қағидалары;
– қазынашылық атқару және есепке алу рәсімдері;
– Бірыңғай бюджеттік сыныптама;
– бюджет түсімдерін әртүрлі деңгейдегі бюджеттер, Ұлттық қор шоттары, бюджеттен тыс қорлар және ЕАЭО елдерінің бюджеттері арасында бөлу тәртібі.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне баса назар аударады. Президенттің тапсырмасы бойынша биыл Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның жұмысы қайта ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта бұл Комиссия Жоғары аудиторлық палатаның жанында жұмыс істейді. Комиссияның жұмыс форматы мен құрамы Мемлекет басшысы қойған өзекті міндеттерді ескере отырып жаңартылды", – делінген ведомство таратқан ақпаратта.