Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимова әйелдерге арналған «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын қаржыландыру 2026 жылдың шілде-тамыз айларында басталуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Банк бұл жобаларды іске асыру үшін Азия даму банкі мен меморандумға қол қойған. Қазіргі уақытта қажетті ресми құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы қаржыландыру көлемі 90 млрд теңгені құрайды. Оның 45 млрд теңгесі «Ұмай» бағдарламасына, ал тағы 45 млрд теңгесі «Жасыл ипотекаға» бағытталады.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, Азия даму банкі биржада теңгемен облигациялар шығарады. Егер олардың кірістілігі шамамен 16% болса, ипотека мөлшерлемесі 17% шамасында болуы мүмкін. Банк облигациялар кірістілігі 12-14% деңгейіне дейін төмендеген соң бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр.





