Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Мамыр айында инфляция 10,4 пайыз болды

Мамыр айында инфляция 10,4 пайыз болды

Қазақстанда 2026 жылғы мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4 пайызды құрады. Бұл туралы ресми статистика деректерінде айтылды.

Мамыр айындағы айлық инфляция деңгейі 0,7 пайыз болды. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 0,4 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,6 пайызға, ал ақылы қызметтер 1,1 пайызға қымбаттады.

Азық-түлік нарығында бірқатар өнім бағасы арзандады. Атап айтқанда, қияр 25,4 пайызға, қызанақ 25,1 пайызға, тәтті бұрыш 8,3 пайызға, сарымсақ 3,1 пайызға және мандарин 2,6 пайызға төмендеді. Сонымен қатар күнбағыс майы мен консервіленген жүгері бағасы да 0,4 пайызға арзандаған.

Ал кейбір өнімдер керісінше қымбаттады. Қой еті 4,7 пайызға, сиыр бауыры мен майдағы шпроттар 3,3 пайызға, алма 3,1 пайызға, шұжық 1,7 пайызға өсті. Ішетін сүт, жұмыртқа және айран бағасында да өсім байқалды.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында таба, ыдыс жуғыш машина, кітап және смартфон бағасы арзандаса, фотоаппарат, үтік, шаруашылық сабын және дәрі-дәрмек қымбаттаған.

Қызмет көрсету секторында да баға өсімі тіркелді. Балалар аттракциондары қызметі 6,6 пайызға, көлік қызметтері 1,5 пайызға, автокөлік жуу қызметі 0,7 пайызға өскен.

Жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,7 пайызға өсіп, инфляцияның негізгі драйверлерінің біріне айналды. Азық-түлік өнімдері 10,7 пайызға, ал ақылы қызметтер 8,7 пайызға қымбаттады.

Жылдық есепте кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай төмендеген. Мәселен, қияр 35,2 пайызға, пияз 25,1 пайызға, қызанақ 24,3 пайызға арзандаған. Ал алма, мұздатылған балық, қара шай және макарон өнімдерінің бағасы өскен.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында отандық жеңіл автокөліктер бағасы 17,9 пайызға төмендегенімен, тұрмыстық техника, кір жуғыш ұнтақ, шаруашылық сабын және киім-кешек қымбаттады.

Қызмет көрсету саласында көлік қызметтері 11,1 пайызға, қонақүй қызметтері 10,3 пайызға, білім беру 8,9 пайызға және мобильді байланыс 7,6 пайызға өскен.

Тұтыну бағаларының индексі инфляция деңгейін сипаттайтын негізгі макроэкономикалық көрсеткіш саналады. Ол ай сайын 537 тауар мен қызмет түрі бойынша есептеледі. 2026 жылғы қаңтардан бастап инфляцияны есептеу құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 41,1 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 28,4 пайыз, ал ақылы қызметтер 30,5 пайызды құрайды.

Ұқсас материалдар