
Астана қаласында бірнеше жыл бойы мемлекеттік бағдарламалардың атын жамылып әрекет еткен екі таныс алаяқтық схемасын жасап, 150 жәбірленушіге 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген.
Олар кеңселерін жалға алып, жұмыс істеп тұрған ЖШС деректемелерін пайдаланып, азаматтарды жеңілдетілген шарттармен жоғары санатты тұрғын үй алуға, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында несие рәсімдеуге уәде беріп, жалған келісімшарттар жасасқан.
Сот үкімі бойынша, сотталушыларға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 5 жылға материалдық жауапкершілік пен басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталушылардың кәмелет жасқа толмаған балаларының болуы жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Келтірілген материалдық залал толық өндірілді.
Үкім заңды күшіне енді.
Астана қаласы прокуратурасы азаматтарды құжаттары жоқ адамдармен несиелеу және тұрғын үй алу мәмілелерін жасамауға кеңес береді.