Алматы қаласының прокуратурасы бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысы бар компанияның иелігіндегі құны 1,3 млрд теңге болатын активті мемлекет меншігіне қайтарды.
Прокуратураның мәліметінше, 2015 жылы Қазақ энциклопедиясы ЖШС-нің құрамындағы жылжымайтын мүлік заңсыз жекешелендіріліп, жеке компанияның иелігіне өткен.
Әңгіме Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан, ауданы 2 108,3 шаршы метр жер телімі бар ғимарат туралы болып отыр. Қадағалау органы бұл мүліктің жеке меншікке заңсыз рәсімделгенін анықтаған.
Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау мақсатында Әуезов ауданы прокуратурасы жекешелендіру шартын және кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берген.
Іс бірнеше сот сатысында қаралып, нәтижесінде прокуратураның ұстанымы қолдау тапты. Кассациялық сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырып, құны 1,3 млрд теңгені құрайтын активті мемлекетке қайтару туралы шешім шығарды.
Прокуратураның хабарлауынша, сот шешімі «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің мемлекетке тиесілі үлесін заңсыз иеліктен шығару салдарын жойып, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берген.
Еске салайық, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың мамыр айында ұсталған болатын.





