«Nazira Gold» қаржы пирамидасынан 374 млн теңге мен 12 келі алтын тәркіленді

Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкенттегі департаменті «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Агенттік қаржы пирамидасын құрған адамның үйіндегі тінтуді видеоға түсіріп, желіге салған. Зәулім үйдің ішінен бума-бума ақша, алтын және есігінің алдынан бірнеше көлік тәркіленген.
«Өзін зергерлік бұйым сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайынғы табыс деп уәде берген. Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдарынан жүзеге асырылған. Қылмыстық табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған. Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйым тәркіленген», – деп хабарлайды ҚМА.
Ал, интернеттен «Назира голд» туралы ақпарат іздесеңіз, ең алдымен осы компаниямен аттас компанияның мәліметтері және Назира Бибосынқызы есімді келіншектің әлеуметтік желідегі аккаунты шығады. Назира Бибосынова өзінің аккаунтына Nazira Gold деп жазған және осы компанияның әдемі кештерінен бірнеше видео жүктеген. Кеш қонақтары арасында лоторея ойнатып, көлік таратқан. Кешке Қазақстандағы танымал жұлдыздарды шақырған. Арасында алтын бұйымдардың жарнамасы да бар.