Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Онлайн ұтыс ұйымдастырғандар 40 млн теңге айыппұл төледі

Онлайн ұтыс ұйымдастырғандар 40 млн теңге айыппұл төледі

Қазақстанда биыл заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғандар жалпы сомасы 40 миллион теңгеге жуық айыппұл төледі.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті хабарлады.

Комитеттің мәліметінше, жыл басынан бері әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн-платформаларда заңсыз лотереялар мен ұтыс ойындарын анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді.

Тексеру нәтижесінде және азаматтардың шағымдары негізінде 89 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Құқық бұзушыларға ескерту хаттары жолданып, онлайн және офлайн форматтарда түсіндіру кездесулері өткізілді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс өткізген аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланды» делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, хаттамамен келісілген жағдайда азаматтар айыппұлды өз еркімен төлейді, ал келіспеген жағдайда іс сотқа жіберіледі.

Заң бойынша, лотерея операторы емес тұлғалардың ұтыс немесе лотерея өткізуі әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда:

  • жеке тұлғаларға – 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК),

  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері:

  • жеке тұлғаларға – 200 АЕК,

  • кәсіпкерлерге – 750 АЕК көлеміне дейін өседі.

Сонымен қатар, заңсыз ұтыс ойындарынан түскен табыс мемлекет пайдасына тәркіленеді.

Ұқсас материалдар