«Отбасы банк» тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды өз деректерін жаңартып, портал арқылы жеке деректерді өңдеуге келісім беруге шақырды.
Бұл талап орындалмаған жағдайда азаматтар пәтер алу және жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
Банк мәліметінше, бүгінгі таңда тоғыз облыс әкімдігі – Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Ұлытау, Қарағанды, Абай және Қызылорда облыстары – 1 550 пәтерді қаржы институтына тапсырған. Тұрғын үй жақын уақытта кезекте тұрған азаматтарға үлестіріледі.
Тұрғын үйді бөлу шарттары:
- Кезекке қою күні, әлеуметтік санат және табыс деңгейі ескеріледі;
- Үш және одан да көп адамнан тұратын отбасылар үшін бір адамға шаққандағы табыс 92 456 теңгеден (2 ең төменгі күнкөріс деңгейінен) аспауы тиіс;
- Бір-екі адамнан тұратын отбасылар үшін табыс 161 798 теңгеден (3,5 ең төменгі күнкөріс деңгейінен) аспауы керек.
Банк барлық деректерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден тікелей алады, сондықтан азаматтарға құжат жинаудың қажеті жоқ. Алайда жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін кезекте тұрғандар:
- жеке деректерді өңдеуге келісімін растауы,
- және kz порталындағы мобильді азаматтар базасында телефон нөмірін жаңартуы қажет.
Келісімді қалай растауға болады:
- otbasybank.kz сайтына браузер арқылы кіру;
- ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өту;
- Жеке кабинетте келісімге белгі қойып, ЭЦҚ арқылы құжатты растау.
Бұл қадамдарды орындамаған азаматтар тұрғын үй алу немесе 2% және 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген ипотека бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай жағдайда пәтер келесі үміткерге беріледі.
Қазіргі таңда 642 281 кезекте тұрған азаматтың ішінен тек 84 338 адам (13%) ғана келісімін растаған. Бұл автоматтандырылған тексеру мен пәтерлерді үлестіру процесін баяулатуда.
Мысалы, бір өңірде берілген 261 пәтердің тек 215-і ғана бөлінген, ал келісімін растаған 19 адам қазір жалдау шарттарын рәсімдеуде. Қалған 196 пәтер әзірге бос тұр, банк үміткерлердің растауын күтуде.
«Бұрын тұрғын үй кезегінде тұрған барлық азаматтар orken.otbasybank.kz порталына кіріп, келісімін растауы және байланыс деректерін жаңартуы тиіс. Бұл мыңдаған қазақстандықтардың өз пәтеріне қол жеткізу үдерісін жеделдетеді», – деп мәлімдеді «Отбасы банк».





