Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, бір палаталы Парламент моделіне қатысты алғашқы ұсыныстар сарапталып жатыр.
Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жұмысы басталғаннан бері E-otinish және E-gov платформалары арқылы азаматтар, сарапшылар және қоғамдық белсенділер тарапынан 300-ден астам ұсыныс түскен.
Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, ҚХП және ЖСДП партиялары да өз ұсынымдарын жолдаған.
Жұмыс тобының соңғы отырысында бір палаталы Парламентті қалыптастыруға қатысты негізгі мәселелер қаралды: депутаттар саны, біліктілік талаптары, сайлау тәртібі, өкілеттік мерзімі және квоталар.
Қариннің айтуынша, екі сағатқа созылған талқылауда түрлі сараптамалық пікірлер ұсынылып, оларды егжей-тегжейлі жүйелеу туралы шешім қабылданған. Жұмыс тобы келесі отырыстарда реформаның басқа да бағыттарын талқылауды жалғастырады.