2016 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан 59,7 млн долларға газ экспорттады. Былтырғы жылы бұл көрсеткіш 152,6 млн доллар болған еді. Бұл жөнінде Статистика комитеті хабарлайды.
Газ экспорты көлемі былтырғымен салыстырғанда 28,5%, қаржылай жағынан 60,8%-ға азайған.
Қазақстан көмірінің экспорты да 51,2%-ға қысқарған. Осыдан бір жыл бұрын қаңтар-наурыз айларында 125,4 млн доллар сатылса, 2016 жылы 61,1 млн доллар ғана сатылған.
Сыртқы нарыққа шикі мұнай тасымалдау көлемі азайған жоқ. Бірақ қаражат көлемі бойынша 41,1%-ға түскен. Аталған шикізаттың экспорты бірінші тоқсанда 4,5 млрд долларды құрады. Былтырғы жылы 7,7 млрд доллар болған еді.