Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Әр бесінші қазақстандық елден көшкісі келеді

Әр бесінші қазақстандық елден көшкісі келеді

Қазақстаннан білікті мамандардың кету себептері төмен табыс пен болашаққа деген сенімсіздік. 

Сол себептен әр бесінші қазақстандық елден көшуді ойлайды. Бұл туралы биылғы 13-24 қараша аралығында DEMOSCOPE эспресс-мониторинг бюросы халық арасында «Қазақстандықтардың шетелге кеткен білікті мамандар туралы ойы» деген тақырыпта өткізген сауалнама қорытындысынан белгілі болды. 

DEMOSCOPE бюросы мәліметінше, сауалнама нәтижесі бойынша әр бесінші респондент (21%) елден көшу туралы ойланатынын айтқан. Олардың ішінде 6,9%-і алдағы 2-3 жылда көшуге ниетті. 5,6%-і көшуді жоспарлап отырғанымен, әзірге мүмкіндігі жоқ, ал 8,4%-і белгілі бір жағдай болса, көшу мүмкіндігін қарастырып отыр. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 78,5%-і жақын арада елден кетуді жоспарламайтынын айтты.

Анализ көрсеткендей, көшуге деген ниет көбіне респонденттердің жасына байланысты. Көшіп кетуге ең көп ниет білдірген респонденттер – жастар мен орта жастағы адамдар арасында байқалды. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 25% көшу туралы ойланса, 30 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 30%-ке жақын. Одан кейінгі жас санатындағы әр оныншы адам нақты көшуге ниетті (10,7% – «алдағы 2-3 жылда көшуді жоспарлап отыр»), – делінген бюро ұсынған мәліметте. 

Ескере кететін жайт, респонденттердің басым көпшілігі (83,7%) Қазақстанда туған, 9,3%-і елде 20 жылдан астам уақыт тұрып келеді. Ал 6,8%-і Қазақстанда 20 жылдан аз уақыт тұрады.

Елден кетуді жоспарлаған респонденттерден оларды көшіп кетуге итермелейтін нақты себептер туралы сұрақ қойылды. Көпшілігі жоғары жалақы алуға (24,5%), өздері мен балалары үшін перспективаның жоқтығын (23,9%), сондай-ақ жақсы жұмыс табу ниетін (14%) атады. Бір қызығы, жастардың көбі сапалы білім алуға және өзін-өзі дамытуға жағдай жасауға ұмтылады, ал орта және үлкен жастағы топтар өздері мен балалары үшін мүмкіндіктердің жоқтығын жиі айтады, – делінген бюро ақпаратында.

Сондай-ақ, респонденттер көші-қонға қатысты төмендегі себептерді атады:

  • Өзін-өзі дамытуға жақсы жағдай (13,2%);
  • Сапалы білім (11,7%);
  • Сапалы медициналық қызмет (4,9%);
  • Кәсіби өсу мүмкіндігі (4,4%);
  • Қолайлы экология мен климат (3,8%);
  • Саяхаттау (3,3%);
  • Өмір сүруге қауіпсіз жер (3%);
  • Туыстарға жақын жерге көшу (2,6%);
  • Ортасын кеңейту (1,3%);
  • Бизнес дамыту (0,7%);
  • Тарихи отанына оралу (0,6%).

Ресми деректерге қарамастан, DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі бойынша, респонденттердің жартысына жуығы (45,9%) соңғы 2-3 жылда таныстары, достары немесе әріптестерінің шетелге біржола көшіп кеткенін айтты.

Қоғамның эмигранттарға деген көзқарасы да – маңызды көрсеткіш. Қазақстандықтардың басым бөлігі (63,3%) отандастарының шетелге қоныс аударуына түсіністікпен қарайды. Респонденттердің 11,4%-і оларды сынаса, 21%-і бейтарап екенін айтты.

Сыртқы көші-қон тенденцияларын болжау мәселесінде респонденттердің көбі (39,2%) алдағы 3-5 жылда Қазақстаннан білікті мамандардың кетуі арта түседі деп санайды. Қарсы пікір білдіргендер 21,7%-ті құрайды, олар керісінше, елге мигранттар ағымы артады деген ойда. Ал 18,7%-і келушілер мен кетушілер саны шамамен тең болады деп есептесе, 20,4%-і нақты жауап бере алмады.

Зерттеу қазақстандықтар үшін эмиграцияға ең тартымды елдерді де анықтады. Көш бастап тұрған елдер – АҚШ (7,7%), Ресей (6,2%), Еуропа елдері (5,1%), Түркия (4,6%) және Канада (2,6%). Сонымен қатар, респонденттердің 35%-і көшуге ниет білдіретін ел жоқ екенін айтты, – делінген хабарламада.

Бюро пікірінше, «білікті мамандардың кету» мәселесі азаматтардың өмір сүру сапасы мен мемлекеттік басқарудың тиімділігімен тығыз байланысты. 

Білікті мамандардың кетуін азайту үшін жүйелі тәсіл қажет. Азаматтардың экономикалық әл-ауқатын арттыру, білім сапасын жақсарту, қолжетімді заманауи медицина және қауіпсіздікті күшейту шараларын қабылдау қажет. Сараптама көрсеткендей, мемлекеттік басқару сапасын арттырмай және кәсіби кадрларды қолдауға бағытталған шаралар қабылдамай, Қазақстаннан білікті мамандардың кету тенденциясын өзгерту өте қиын болады, – деп түйіндеді мониторинг бюросы өкілдері.

Ұқсас материалдар