Ресейлік ақпарат құралдарында 1 сәуірден бастап Telegram мессенджерін ел аумағында толық бұғаттау мүмкіндігі туралы ақпарат тарады.
Бұл туралы Euronews Baza арнасына сілтеме жасап хабарлады. Мәліметке сәйкес, қосымша мобильді және стационарлық интернет арқылы мүлде ашылмай қалуы ықтимал.
Алайда, ресми органдар бұл ақпаратты «шала мәлімет» деп бағалағанымен, оны толық жоққа шығарған жоқ. Осы жағдай көптеген ресейліктер арасында интернеттегі цензураның күшеюі және цифрлық оқшаулану туралы алаңдаушылық туғызды.
Мессенджерге қатысты шектеу шаралары 2025 жылдың жазынан бері жалғасып келеді. Ресейдің байланыс реттеушісі қосымшаны заң бұзды, тыйым салынған контент таратты және шетелдік арнайы қызметтерге алаң ұсынды деп айыптаған. Сондай-ақ ведомство серверлерді Ресей аумағында орналастыруды талап еткен.
Telegram негізін қалаушы Павел Дуров бұл әрекеттерді сынға алып, билік азаматтарды бақылауға арналған мемлекеттік Max мессенджеріне көшіруге тырысып жатыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа қосымша пайдаланушылардың деректерін жинап, оларды мемлекеттік органдарға беруге мүмкіндік береді.
Мессенджерді толық бұғаттау ықтималдығы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Кремльге жақын блогерлер мен журналистердің өзі бұл шешімге қарсы пікір білдіріп, Telegram аудиториямен байланыс орнатуда маңызды платформа екенін атап өтті. Әскери ортада да алаңдаушылық бар: Украинадағы соғыс кезінде бұл қосымша негізгі байланыс құралдарының бірі болған.
Қазіргі уақытта нақты шешім қабылданбаған. Дегенмен сарапшылар толық бұғаттау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Егер мұндай шешім қабылданса, пайдаланушылар мессенджерді VPN арқылы қолдануды жалғастыруы мүмкін.





