Еуропалық одақ 24 ақпанға қарай Ресейге қарсы 20-шы санкциялар пакетін жариялауы мүмкін. Бұл туралы бірқатар еуропалық басылымдар хабарлады.
Жаңа шектеулер аясында Ресейге люкс санатындағы тауарлардың экспортын толық тоқтату ұсынылып отыр. Мұндай бастаманы Финляндия мен Швеция Еурокомиссияға жолдаған. Сонымен қатар ресейлік мұнай танкерлеріне қызмет көрсетуді шектеу және ЕО аумағына ресейлік тыңайтқыштар импортының көлемін азайту мәселесі де қарастырылуда.
Қазіргі уақытта құны 300 еуродан асатын люкс тауарларды Ресейге тікелей жеткізуге тыйым салынған. Алайда кейбір еуропалық брендтердің өнімдері Қытай, Түркия сияқты үшінші елдер арқылы Ресей нарығына қайта жеткізіліп жатқаны белгілі.
Айта кетейік, жаңа санкциялар пакеті Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғанына төрт жыл толатын күні – 24 ақпанда жариялануы мүмкін.





