
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заң жобасының мақсаты – инновациялық қызметті мемлекеттік тарапынан қолдауды күшейту, жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінше, құжат 2 кодекс пен 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Astana Hub пен «ИТП» біріктіріледі
Заң жобасы аясында Astana Hub халықаралық технологиялық паркі мен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры біріктіріліп, Astana Hub дербес кластерлік қоры болып қайта құрылмақ. Осыған байланысты:
-
Ұғымдық аппарат сәйкестендіріледі;
-
Қордың функциялары мен инновациялық қолдау құралдары оңтайландырылады;
-
Қорды қаржыландыру тетіктері жетілдіріледі.
Сонымен қатар, мүлікке байланысты екі негізгі түзету қарастырылған:
-
Қор мүлкі мүшелік жарналар есебінен қалыптасады;
-
Жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін қаржы көзін алып тастау жоспарланған.
Венчурлік нарық пен цифрлық жүйе дамытылады
Венчурлік нарықты дамыту мақсатында:
-
Венчурлік қорларды қоса қаржыландыру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын бағалау тетігі енгізіледі;
-
Жеке инвесторларды қоса қаржыландыруға шектеу қойылады;
-
Венчурлік қорлардың кірістілігі мен залалдылығына негізделген тиімділік бағалау нормалары бекітіледі.
Ал цифрландыру аясында:
-
Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесін дамыту үшін жауапты мемлекеттік органдар нақтыланады;
-
Байланыс операторлары иесіздендірілген абоненттік деректерді статистика органына ұсынуға міндеттеледі.
Мемлекеттік тіркеу мен дерекқор жүйесі өзгермек
«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңына енгізілетін өзгерістер бойынша:
-
Экономикалық қызмет түрлерін (ЭҚЖЖ) дұрыс беру тәртібі реттеледі;
-
Мемлекеттік дерекқорларда қызмет түрлері бойынша ақпараттың бірегейлігі қамтамасыз етіледі.
Бюрократияны азайту мақсатында Үкімет жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңесті тарату туралы шешім қабылданып, оның кейбір функциялары Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға беріледі.
Аталған заң жобасы инновациялық экожүйені дамыту мен технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.