
Парламент Сенаты жасанды интеллектке қатысты заң жобасына және оған ілеспе құжаттарға бірқатар өзгеріс енгізіп, оларды Мәжіліске қайта қарауға жіберді.
Сенат депутаты Бибігүл Аққожинаның айтуынша, бұл заң цифрландыру үдерістерін реттеп, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізу мен қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
«Қазір жасанды интеллект, үлкен деректер мен блокчейн сияқты технологиялар мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып қана қоймай, ашықтық пен тұрақты экономикалық өсімге жаңа мүмкіндік береді», – деді депутат.
Алайда сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған кейбір баптармен келіспеген.
«Мысалы, түзетулердің бірі ерікті сақтандыру түрін ғана қолдану туралы норманы өзгертуді көздейді. Енді жасанды интеллект жүйелері келтірген зиян үшін жауапкершілік пен тәуекелдерді өтеу міндетті сақтандыру арқылы да реттелмек. Сонымен қатар Мәжіліс қабылдаған нұсқада тек залалды азайту шаралары қарастырылған болса, біздің түзету бойынша жүйе иелері мен пайдаланушылары ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған нақты іс-қимыл қабылдауы қажет», – деді Аққожина.
Сенат осы өзгерістерді енгізе отырып, заң жобасын Мәжіліске қайта жіберді.