Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Вьетнамға баруды жоспарлап отырған азаматтарға жаңа көші-қон жүйесіне қатысты маңызды ақпарат жариялады.
Вьетнам билігі шетелдік азаматтардың елге келуі туралы алдын ала хабарлау жүйесін (Pre-arrival Information – PAI) тестілік режимде іске қосты. Жаңа жүйе арқылы саяхатшылар сапар алдында арнайы онлайн-порталға өздерінің келуі туралы мәліметтерді енгізе алады.
Вьетнам тарапының мәліметінше, алдын ала ұсынылған ақпарат негізінде көші-қон қызметі қажетті тексерулерді жүргізеді. Нәтижесінде шекаралық бақылаудан өту уақыты қысқарып, халықаралық әуежайлардағы кезектер азаяды деп күтілуде.
Қазіргі уақытта PAI жүйесі пилоттық режимде Tan Son Nhat International Airport әуежайында жұмыс істеп тұр. Алдағы кезеңде жүйені Noi Bai International Airport, Da Nang International Airport, Cam Ranh International Airport және Phu Quoc International Airport әуежайларында, сондай-ақ өзге де шекаралық өткізу бекеттерінде кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
Сыртқы істер министрлігі жаңа жүйенің Вьетнамға кіру үшін міндетті талап емес екенін ерекше атап өтті. PAI визаны рәсімдеу немесе оны қарастыру қызметін атқармайды және тек сапар туралы алдын ала ақпарат беруге арналған қосымша құрал болып саналады.
Ведомство қазақстандықтарға тек ресми портал арқылы тіркелуді ұсынып, интернеттегі жалған сайттардан сақ болуға шақырды.





