Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Skills Enbek платформасында 77 мыңнан астам қазақстандық оқудан өтті

Skills Enbek платформасында 77 мыңнан астам қазақстандық оқудан өтті

2026 жылдың басынан бері Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында 77,4 мың қазақстандық онлайн курстарды аяқтап, сертификат алды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, платформа іске қосылғалы бері онда 1,3 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Биылдың өзінде жүйеге 109,4 мың адам қосылған. Ал берілген сертификаттардың жалпы саны 1 млн 268 мыңға жетті.

Онлайн оқуды аяқтағандардың басым бөлігін әйелдер құрайды – 43,2 мың адам немесе 55,9%. Ер азаматтар саны – 34,1 мың. Ең белсенді қатысушылар 36–50 жас аралығындағы азаматтар болды. Бұл санатта 26,3 мың адам білімін жетілдірген. Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында тіркелсе, Алматы қаласы, Алматы және Түркістан облыстары да көш басында тұр.

Платформа арқылы оқуды тәмамдағандардың 29,8 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Олардың ішінде 16–35 жас аралығындағы жастардың үлесі 7,4 мың адамға жеткен.

Бүгінде Skills Enbek платформасында әртүрлі бағыттағы 602 курс қолжетімді, оның 417-сі тегін. Курстардың ұзақтығы 2 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады. Сонымен қатар пайдаланушылар Fluent Education және Яндекс Қазақстан ұсынған білім бағдарламаларын да меңгере алады.

Ең сұранысқа ие курстар қатарында «Кассир», «Қаржылық сауаттылық курсы», «Қозғалысы шектеулі адамдарды сүйемелдеуге арналған жеке көмекшінің кәсіби курсы» және «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе» бар.

Платформа инклюзивті білім беру бағытында да жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Соның бірі – есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған «Тігін ісінің негіздері: ымдау тілінде жасанды интеллектпен дыбыстау» курсы. Қазіргі уақытта оған тіркелген 224 адамның 118-і оқуын сәтті аяқтап, сертификат алған.

Сонымен қатар Skills Enbek базасында VR-технологияларды қолдану арқылы оқытатын пилоттық жоба іске қосылды. Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында жүзеге асып жатқан жоба жұмыссыз азаматтардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

VR-оқыту бағдарламалары еңбек қауіпсіздігі, токарь, дәнекерлеу, слесарь және кондитерлік іс секілді бес бағытты қамтиды. Виртуалды формат азаматтарға қауіпсіз ортада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

Министрлік дерегінше, 2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша онлайн оқудан өткен 1 960 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл кәсіптік онлайн білім беру платформасының еңбек нарығындағы сұранысқа ие әрі тиімді құралға айналғанын көрсетеді.

Ұқсас материалдар