Осы мақсатта 2026 жылғы 24 және 27 сәуір күндері Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Алматы қалалық филиалының мамандары Алматы қаласындағы бірқатар мектептердің бітіруші түлектерімен кездесті. Атап айтқанда, 24 сәуірде №189 жалпы білім беретін мектепте, ал 27 сәуірде Орбита ықшам ауданындағы №145 және №45 мектептерінде кәсіби бағдар беру кездесулері ұйымдастырылды.
Кездесу барысында оқушыларға «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы» білім беру бағдарламасы жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар соңғы жылдары сұраныс артып келе жатқан 6B07183 SMART ROADS – «Көлік құрылысының цифрлық технологиялары» білім беру бағдарламасына ерекше назар аударылды.
Түлектер тарапынан цифрлық технологияларды жол саласына енгізу, интеллектуалды көлік жүйелері, жол қозғалысының қауіпсіздігін басқару және заманауи инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша сұрақтар қойылды. Мамандардың айтуынша, бүгінде ірі қалалардағы көлік ағынын тиімді ұйымдастыру, жол инфрақұрылымын цифрландыру және қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру бағытында IT-білімі бар жол саласы мамандарына сұраныс артып келеді.
Ұзақ жылдар бойы жол саласында еңбек етіп, жол мамандарын даярлауға үлес қосқан техника ғылымдарының кандидаты Қалижан Құлманов бұл бағыттың маңызын ерекше атап өтті.
«Қазіргі таңда жол саласы тек құрылыс жұмыстарымен шектелмейді. Цифрлық технологиялар, интеллектуалды көлік жүйелері, қауіпсіздікті автоматтандыру секілді бағыттар қарқынды дамып келеді. Сондықтан болашақта жол саласында IT технологияны меңгерген инженер мамандардың рөлі арта түседі. Жастар заман талабына сай осындай жаңа бағыттарға назар аударуы керек», – деді Қалижан Құлманов.
Кездесу барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жол құрылысы жобалары үшін білікті жас мамандардың тапшылығы да сөз болды. Ашық форматта өткен басқосуда оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, сала мамандарымен пікір алмасты. Сонымен қатар қатысушыларға ақпараттық материалдар таратылып, арнайы бейнероликтер көрсетілді.





