Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Сот орындаушылар жарты жылда 18 млрд теңгеден астам алимент өндірді

Сот орындаушылар жарты жылда 18 млрд теңгеден астам алимент өндірді

Жыл басынан бері жеке сот орындаушылар алимент төленбеген істері бойынша 18 млрд теңге өндірді.

Бұл туралы республикалық сот орындаушылар палатасының баспасөз қызметі хабарлады. Палатаның айтуынша, балалардың құқықтарын қорғау жұмысы тек мәжбүрлеу шараларымен шектелмейді. Сот орындаушылар жан-жақты шешімдер іздестіріп, тіпті борышкерлерді жұмысқа орналастыруға атсалысады. Мәселен, жыл басынан мемлекеттік органдармен бірлесіп 329 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген.

Нәтижесінде 2722 борышкер жұмысқа тұрған. Бұл оларға қарыздарын өтеуге және ата-аналық міндеттерін орындауға мүмкіндік берді.

− Ерлі-зайыптыларды татуластыруға және отбасын сақтап қалуға да ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері елімізде 2221 жұп татуласқан. Батыс Қазақстан облысында тіпті қылмыстық қудалау тоқтатылды, ерлі-зайыптылар арасындағы диалог қалпына келген соң 7 қылмыстық іс жабылды. Ал міндеттемелерді орындаудан қасақана жалтарған жағдайда қатаң шаралар қолданады. Жеке сот орындаушылар бастамасымен 2615 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, 254-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды, − деп жазылған палата хабарламасында.

Дегенмен, қол жеткен нәтижелерге қарамастан, алимент өндіру жүйесін әлі де жетілдіру қажет. Осыған орай, жеке сот орындаушылар палатасы Парламент депутаттарымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық түзетулерді дайындаған. Олар күз басталысымен Парламентте қаралмақ.

Ұқсас материалдар