2024 жылғы 12 желтоқсанда S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының BICRA (Банк секторының салалық және елдік тәуекелдерін бағалау) рейтингіндегі позициясының 8-топтан 7-топқа жақсарғанын мәлімдеді.
Бұл көрсеткіш елдің банк саласындағы тәуекелдердің төмендеуін көрсетеді, сондай-ақ реттеушінің қаржы секторын қадағалауды күшейту жөніндегі күш-жігерін айғақтайды.
S&P есебіне сәйкес, Қазақстан банк секторының макроэкономикалық сын-тегеуріндер мен геосаяси тәуекелдерге орнықтылығын көрсетті. Агенттік қазақстандық банктердің активтерінің сапасы мен қаржылық көрсеткіштері күткеннен асып түскенін атап өтеді.
Рейтингті қайта қараудағы маңызды фактор Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) қадағалау қызметін нығайту болды. Негізгі жетістіктердің қатарында активтердің сапасын тұрақты бағалау (AQR), SREP қадағалау моделіне көшу, банктердегі тәуекелдерді шектеу және тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқынын бақылау шаралары атап өтілді.
S&P ҚНРДА қабылдаған шаралар банк жүйесіндегі дағдарыстарды болдырмауға және нарықтық өзгерістер аясында тұрақты операциялық қызметті қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. S&P пікірінше, бұл шаралар елдің қаржылық орнықтылығын жақсартуға ықпал етті, осы ретте жүйедегі проблемалық кредиттер деңгейі 2020 жылғы 18%-дан 2024 жылы 7-7,5%-ға дейін төмендеді.
BICRA рейтингін жақсарту 7 қаржы мекемесінің рейтингін көтеруге мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалау тетіктерін нығайту және елдің қаржы секторының тұрақты өсуі үшін жағдайларды жақсарту бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.