
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналистердің тағы қандай жоғары оқу орындары мемлекетке қайтарылатынын айтты.
Оның айтуынша, тоқсаныншы жылдары жабайы жекешелендіру аясында бірнеше универсиеттің оқу корпустары, жатақханалары жекешелендіріліп кеткен.
«ҚБТУ бойынша сот шешімін күтуіміз керек. Мысалы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің бірнеше ғимараты, жатақханалары бойынша сот болып жатыр. Әл-Фараби университеті бойынша сот шешімі шыққанын білесіздер. Біраз жерлер қайтарылды. Ол жерде бірнеше хаб жасадық. Астанада жаңа қала болғаннан кейін ондай фактілер болмаған. Ұлттық аграрлық университеттің уақытында бірнеше жатақханасы кетіп қалған. Ол жақта да сот органдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Екі-үш өңірде сондай жұмыстарды бастап кетуіміз мүмкін. Тізімін кейін жіберейін», – дейді ол.
Жеке университеттердің құрылтайшылары не себепті ашық дереккөздерде көріне бермейтіні де министрден сұралған. Саясат Нұрбек жеке университеттер заңнама бойынша қай тұлғаны тіркесе, сол көрінетінін айтады. Мысалы ЖШС ретінде қай адам тіркейді – сол көрінеді.
«Оны біз де көп жағдайда білмейміз. Білеміз әрине, бірақ заңды тұлғалар көрінеді. Бәрі заң аясында», – дейді Саясат Нұрбек.