«Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында мектеп-интернатпен бірлескен шара өтті

Алматы қаласы Медеу ауданының білім бөлімі мен аудандық мектеп басшыларының ұйымдастыруымен №6 арнайы мектеп-интернат тәрбиеленушілерімен бірлескен экологиялық іс-шара өтті.
Бұл бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Іс-шараға Медеу ауданы білім бөлімінің басшысы Ақнұр Оразханқызы Нуралиева, бөлім мамандары және аудан мектептерінің директорлары қатысты.
Шара қарсаңында интернаттың ауласы мен ішкі аумағы мұнтаздай тазаланып, ерекше ұқыптылықпен дайындалғаны байқалды. Мекеме ұжымы мен тәрбиеленушілер тазалықты сақтауға деген жауапкершіліктерін нақты іспен көрсетті.
Тазалық жұмыстары аяқталған соң, интернат оқушылары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оқушылар табиғатты қорғауға арналған шараларға қатысқандарына ризашылық білдіріп, экологиялық мәдениетті дамыту жолында үлес қосуға әрдайым дайын екендерін жеткізді.
Іс-шара аясында қонақтар интернат аумағын аралап, оқу-тәрбие процесі мен тәрбиеленушілердің тұрмыс жағдайымен танысты. Балалар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын мақтанышпен көрсетіп, шығармашылық қабілеттерімен қуантты.
«Таза Қазақстан» жобасы – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жанашыр болуға үйрететін маңызды бастама.
Осындай іс-шаралар жасөспірімдердің жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау идеясын өмірлік ұстанымға айналдыруға жол ашады, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.