Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Теміртауда жыл сайын 300 мың тоннадан астам өнеркәсіптік шығарындылар ауаға тарайды

Теміртауда жыл сайын 300 мың тоннадан астам өнеркәсіптік шығарындылар ауаға тарайды

Соңғы он жылда Теміртау қаласында атмосфераның «жоғары» деңгейде ластануы тұрақты түрде байқалып келеді. Жыл сайын Теміртау атмосферасына шамамен 305 мың тонна өнеркәсіптік шығарындылар тарайды, олардың негізгі бөлігі қала құраушы кәсіпорын – Қарағанды металлургия комбинатына тиесілі. Бұл туралы Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Орталық Азияға арналған Жобалық офисі хабарлады. 

Қала халқы 200 мың адамға жетпесе де, Теміртау өндіріс көлемі мен ауа ластануы бойынша республикадағы ең ірі қалалардың бірі саналады. Өнеркәсіптік шығарындылардың жылдық көлемі шамамен 305 мың тонна. Салыстыру үшін, халқы 2,3 миллионнан астам Алматы қаласында бұл көрсеткіш 232 мың тонна шамасында.

Жалпы өнеркәсіптік шығарындылардың 80%-дан астамын «Qarmet» АҚ жүзеге асырады. Аталған компанияға тиесілі Қарағанды металлургия комбинатының негізгі ластаушы заттары — азот және күкірт диоксидтері, фенол, аммиак, көміртек тотығы және күкіртсутек.

Теміртау қаласының аумағында атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 4 стационарлық постта жүргізіледі: 

- 3 постта ауа сынамалары тәулігіне үш рет, 14 көрсеткіш бойынша қолмен алынады: 1) қалқымалы бөлшектер (шаң); 2) күкірт диоксиді; 3) азот диоксиді; 4) көміртек тотығы; 5) күкіртсутек; 6) фенол; 7) аммиак; 8) азот тотығы; 9) сынап (ПНЗ №5). Ауыр металдардың мөлшері: 10) кадмий; 11) мыс; 12) мышьяк; 13) қорғасын; 14) хром.

- 1 автоматтандырылған ауа мониторингі станциясында әр 20 минут сайын 8 көрсеткіш бойынша мәліметтер тіркеледі: 1) қалқымалы бөлшектер  РМ-2,5; 2) қалқымалы бөлшектер РМ-10; 3) күкірт диоксиді; 4) көміртек тотығы; 5) азот диоксиді; 6) азот тотығы; 7) күкіртсутек; 8) аммиак.

Ауаның сапасын бағалау кезінде екі негізгі индекс қолданылады:

-        Ауаның ластану индексі (бұдан әрі – АЛИ) – бұл көрсеткіш бірнеше негізгі ластаушы заттардың орташа тәуліктік немесе жылдық концентрацияларын және олардың адам денсаулығына әсерін ескере отырып, ұзақ мерзімді (созылмалы) ластану деңгейін анықтайды;

-        Стандартты индекс (бұдан әрі – СИ) – бұл көрсеткіш белгілі бір заттың бір реттік ең жоғары тіркелген концентрациясының шекті рұқсат етілген мөлшерге қатынасы арқылы есептеледі. Ол нақты уақыттағы ластану деңгейін және қалада ең ластауыш затты анықтауға мүмкіндік береді.

«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, Теміртауда атмосфералық ауаның ластану индексі 2015–2021, 2023–2024 жылдары (АЛИ=9,1; 9,3) «жоғары» деңгейде бағаланған. 2022 жылы ауа ластану деңгейі СИ көрсеткіші бойынша да «жоғары» деп бағаланған.

2023 жылы мониторинг посттарында зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының 5 879 жағдайы, ал 2024 жылы – 1 414 жағдайы тіркелген. Ластаушы заттардың негізгі үлесі қалқымалы бөлшектерге (РМ-2,5 және жалпы шаң), көміртек тотығы, азот диоксиді, күкіртсутек және фенолға тиесілі.

Ұқсас материалдар