Тимур Турлов Freedom Inside 2026 форумы барысында Freedom Holding Corp. соңғы он жылда активтерін 12,5 млрд долларға дейін жеткізгенін мәлімдеді.
Компания осы кезеңде клиенттер санын 11 миллионнан асырып, 21 елде қызметін кеңейткен. Сонымен қатар, оның нарықтық капитализациясы 9,5 млрд долларды құрап, соңғы 12 айдағы табысы 2 млрд доллардан асқан.
Турловтың айтуынша, компанияның Nasdaq биржасындағы акциялары айтарлықтай өсім көрсеткен. Егер 2019 жылы листингке шыққанда акция бағасы 14-15 доллар шамасында болса, 2026 жылдың сәуірінде 150 доллардан асып, шамамен 10 есе өскен.
– Егер маған мұндай нәтижелерді 10 жыл бұрын айтса, сенбес едім. Бұл өте сирек кездесетін жетістік. Мұндай жолды қысқа мерзімде жүріп өту – үлкен табыс, – деді Тимур Турлов.
Оның сөзінше, компанияның дамуы бірнеше кезеңнен өткен: 2015-2016 жылдары жария мәртебе алып, 2019 жылдың қазанында Nasdaq биржасында листингтен өткен.
Компания басшысы Freedom Holding-тің ерекшелігі дәстүрлі бизнес модельдеріне ұқсамайтынында екенін атап өтті. Бұл бір жағынан қиындық тудырса, екінші жағынан – өсу мүмкіндігін арттыратын басты артықшылық.
Турлов сондай-ақ компания құрылымында қатаң басқару вертикалінің жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, дербес шешім қабылдай алатын мамандардан құралған команда жоғары нәтижеге жетудің негізгі факторы болып отыр.
Компания алдағы уақытта да өсім әлеуетін сақтап, халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуды көздейді.





