Тоқаев: Инфляцияны тежеп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысына Ұлттық банктің былтыр жүзеге асырған ақша-кредит саясатының қорытынды есебі мен 2025 жылға арналған монетарлық реттеу жоспарын баяндаған.
Сондай-ақ, экономика мен қаржы жүйесінің ахуалы, іскерлік белсенділік, инфляция факторлары, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру және инфляция деңгейін ортамерзімді мақсатқа сәйкес 5 пайызға жеткізу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.
ҰБ басшының айтуынша 2024 жылдың қорытындысы бойынша инфляция Ұлттық банктің болжаған шегінде қалыптасқан, яғни 8,6% пайызды құраған.
2024 жылы Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен табыс 7,5 пайызға артып, 4,5 миллиард долларды құраған. Алтын-валюта резервтері 45,8 миллиард долларға жетіп, 27,4 пайызға ұлғайған. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін басқарудан түскен инвестициялық табыс 3,4 триллион теңгені құраған. Ал кіріс көрсеткіші инфляциядан екі есе асып түсіп, 17,8 пайызға жеткен.
Мемлекет басшысы инфляцияны тежеп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк пен Үкімет макроэкономикалық саясатты үйлесімді жүргізуі қажет екенін атап өтіп, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.