Тоқаев ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың қазақстандық дипломдардың халықаралық деңгейде танылуына сіңірген еңбегін атап өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және жоғары білім саласындағы III Стратегиялық серіктестер форумында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың қазақстандық дипломдардың халықаралық деңгейде танылуына сіңірген еңбегін атап өтті.
Жоғары білімді дамыту мәселелеріне тоқталған Тоқаев Қазақстанның білім беру біліктіліктерін тану жөніндегі екі халықаралық келісімге — Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылғанын айтты. Қазақстан өңірде осы екі конвенцияға да қосылған алғашқы ел болды.
«Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақстандық университеттердің халықаралық ынтымақтастығы кеңейіп келе жатқанын да айтты. Қазір елімізде жоғары білім саласындағы стратегиялық әріптестік туралы 40 келісім жүзеге асырылып жатыр.
11 елдің шетелдік университеттері Қазақстанда филиалдарын ашқан. Онда 12 мыңнан астам студент білім алып, 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың ішінде 600-ден астамы шетелдік профессор.
Президенттің айтуынша, Қазақстан шетелдік студенттер үшін барған сайын тартымды бола түсуде. Былтыр отандық университеттерде 31 мың шетелдік студент оқыса, қазір олардың саны 41 мыңға жеткен. Оның 8 мыңнан астамы Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алып жүр.
«Бұл — тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш», — деп атап өтті Президент.
2029 жылға қарай Қазақстан шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Осы мақсатқа жету үшін Study in Kazakhstan ұлттық бастамасын дамыту жоспарланған.
Айта кетейік, Жансейіт Қансеитұлы Түймебаев мемлекет қайраткері, дипломат, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, төтенше және өкілетті елші.
Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік университетінде оқытушылықтан бастаған Жансейіт Түймебаев ұзақ жылдар бойы Сыртқы істер министрлігінде басшылық қызметте, бірқатар мемлекеттерде елші, Президентінің Протокол қызметінде басшысы, ҚР Білім және ғылым министрі, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы болды. Соңғы жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды Басқарма төрағасы-ректоры қызметін атқарып келеді.





