Трамп пен BBC арасындағы жанжал: корпорация кешірім сұрады, өтемақы төлемейді
Британдық BBC корпорациясы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптан Panorama бағдарламасындағы деректі фильмде оның сөздері дұрыс емес монтаждалғаны үшін кешірім сұрады.
Бұл туралы Коммерсантъ хабарлады. Алайда, медиа ұйымы Трампқа өтемақы төлеуден бас тартып, оның АҚШ президенті ретінде даулы шағым түсіруге құқығы бар екенін мойындаған жоқ.
Даудың туындауына бағдарламада Трамптың 2021 жылғы Капитолийге шабуыл уақытына қатысты екі бөлек айтқан сөзі біріктіріліп, ол халықты тәртіпсіздікке шақырғандай етіп көрсетілуі себеп болды. Шын мәнінде Трамп алдымен: «Біз Капитолийге барамыз және батыл сенаторларымызға, конгресс мүшелерімізге сәлем береміз» деген, ал 50 минуттан кейін: «Және біз күресеміз. Бар күшімізбен күресеміз» деп айтқан. Panorama бұл сөйлемдерді бір үзіндіге біріктіріп, бұрмаланған көрініс жасаған.
Трамптың адвокаттары BBC корпорациясына түзету мен ресми кешірім талап етіп, орындалмаған жағдайда 1 миллиард доллар көлемінде шағым түсіретінін ескерткен. Оқиғадан кейін корпорация ішінде де өзгерістер орын алып, BBC бас директоры Тим Дэйви мен жаңалықтар қызметінің жетекшісі Дебора Тернесс қызметінен кеткен.





