Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Шыңғыс Әрінов жұмыс сапары аясында Атырау облысы аумағындағы Солтүстік Каспий экологиялық ден қою базасына барды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Сапар барысында министрге Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға, іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару операцияларын жүргізуге арналған арнайы кемелер мен техникалар таныстырылды. Сонымен қатар теңіз флотының жедел әрекет ету дайындығы мен өңірдегі инфрақұрылымның жай-күйіне ерекше назар аударылды.
Ведомство мәліметінше, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдегі экологиялық қауіпсіздік жүйесін күшейту және ұлттық теңіз авариялық-құтқару инфрақұрылымын дамыту жөнінде тапсырма берген. Осы тапсырма аясында теңіздегі төтенше жағдайларға жедел ден қоюмен айналысатын Теңіз жасағы акционерлік қоғамы құрылған.
Кездесу кезінде «Приморский» каналы мен ден қою базасына апаратын су жолдарының кеме қатынасына жарамдылығы да қаралды. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы артқан.
Министр тапсырмасымен 2026 жылдың наурыз айынан бастап каналдарды кеңейту, тереңдету және абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Ведомствоның хабарлауынша, барлық шаралар бюджет қаржысын тартпай іске асқан. Нәтижесінде канал толық тазартылып, мамандандырылған кемелердің тұрақты қозғалысына мүмкіндік жасалған.
Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және NCOC басқарушы директорының орынбасары Жандос Оразалиев қатысты.
Сапар қорытындысында Шыңғыс Әрінов Каспий өңіріндегі теңіз авариялық-құтқару жүйесін дамыту және төтенше жағдайларға ден қою әлеуетін арттыру ТЖМ жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.





