Қазақстанда жетінші буындағы Subaru Outback моделінің ресми бағасы жарияланды.
Жаңа кроссовер биыл шілде айында сатылымға шығуы тиіс. Көлік екі түрлі жинақтамада ұсынылады: Premium және Touring. Premium нұсқасының бағасы 27,5 млн теңге болса, Touring комплектациясы 28,5 млн теңгеге бағаланған.
Жаңа буындағы Subaru Outback 2026 жылдың сәуір айының соңында Көлік құралы типін мақұлдау құжатын алған. Модель 2,5 литрлік төрт цилиндрлі Boxer бензин қозғалтқышымен және жаңартылған Lineartronic вариаторымен жабдықталған.
Көліктің техникалық сипаттамасына сәйкес, ең жоғары жылдамдығы сағатына 205 шақырымға жетеді. Ал 0-ден 100 шақырымға дейінгі үдеуді 9,5 секундта орындайды.
Жаңа Outback-тың ұзындығы 4 880 мм, ені 1 880 мм, биіктігі 1 715 мм болса, дөңгелек базасы 2 745 мм-ді құрайды.
Салонда 12,1 дюймдік орталық мультимедиа дисплейі мен 12,3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі орнатылған. Сондай-ақ көлікте электрлі орындықтар, алдыңғы орындықтарды жылыту, екі аймақты климат-бақылау, ауа тазарту жүйесі және кілтсіз кіру функциясы қарастырылған. Touring нұсқасында артқы орындықтарды жылыту жүйесі де бар.
Айта кетейік, Subaru көліктері сенімді автомобильдер рейтингінде жоғары орындарға ие. Бұған дейін Subaru Outback моделі классикалық универсал форматынан толыққанды кроссовер стиліне көшкені хабарланған еді.





