Жаңалықтар
Жайлы қалалық орта мен экологияны дамыту: Алматы Бейжіңнің озық тәжірибесін қолданады

Келіссөздегі басты түйткілдің бірі қалалардың экологиялық жағдайы еді. Инь Юнның айтуынша, соңғы 20 жылда Бейжің атмосфераға зиянды шығарындылар деңгейін айтарлықтай төмендетуге қол жеткізген. Бұл жүйелі экологиялық саясаттың, ғылыми тәсілдің және технологиялық инновацияның жемісі. Ластану деңгейін төмендету 2016 жылы қабылданған Бейжіңнің Бас жоспары негізінде қолға алынған. Бұл жоспар аясында метро жүйесін кеңейту, экологиялық таза көлік түрлеріне бағытталған ыңғайлы көлік жүйесін дамыту және төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) құру көзделген, бұл экологиялық талаптарға сай келмейтін көлік құралдарының қозғалысын шектейді.
Бейжің мэрімен әңгіме барысында Ерболат Досаев қазіргі уақытта Алматыда да атмосфералық ауаны қорғау, нүктелі құрылысқа жол бермеу, қаланың көлік қаңқасын қалыптастыру және жылдам рельсті әрі қоғамдық көлікті дамыту бойынша шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Алматы әкімі 2023 жылдың мамыр айында Алматының жаңа Бас жоспары қабылданғанын, оның соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы қайта қаралмағанын хабарлады. Бұл жоспардың негізінде тарихи орталыққа жүктемені азайтуға бағытталған полиорталықты даму қағидаты жатыр. Мұндай шаралар қалалық ортаны теңгерімді дамытуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға уағдаласып, Алматы мен Бейжің арасындағы серіктестіктің дамуы Қазақстан мен Қытайдың екі қаласының экономикалық өсуі мен тұрақты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.