Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Жамбыл облысында 14 жастағы жасөспірімді жоғары сынып оқушысы соққыға жыққан

Жамбыл облысында 14 жастағы жасөспірімді жоғары сынып оқушысы соққыға жыққан

Жамбыл облысында 14 жастағы жасөспірім жоғары сынып оқушысының соққысынан ауыр халде ауруханаға жеткізілді. 9-сынып оқушысы екі тәуліктен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. 

Оқиға Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, сенбі күні кешкісін 14 жастағы жасөспірімді ауыл клубының маңында 11-сынып оқушысы соққыға жыққан. Кеуде тұсынан бірнеше соққы алған бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккен жасөспірімді аудандық ауруханаға басқа балалар алып келген. Ол медициналық мекемеге түскен кезде жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, жүрек соғысын қайта қалпына келтірді.

Қазіргі уақытта баланың миы мен өкпесі ісінген. Ол дәрі-дәрмектің көмегімен жасанды кома жағдайына енгізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Жамбыл аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленовтің айтуынша, науқастың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз. Дәрігерлер оған қажетті ем-дом шараларын толық көлемде жүргізіп жатыр. Денсаулығының ауырлығына байланысты әзірге оны қалаға тасымалдауға болмайды.

Оқиғаға қатысты полиция да түсініктеме берді. Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Оспановтың мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұған дейін бір-бірін таныған екі кәмелетке толмаған жасөспірімнің арасында жанжал туындаған. Оның барысында біреуі екіншісіне соққы жасаған", – дейді Әсет Оспанов.

Ауыл тұрғындары арасында бұл жағдайға қатысты әлімжеттік болуы мүмкін деген пікір айтылып жатыр. Алайда полиция әзірге оқиғаның алдын ала себебі ретінде жасөспірімдер арасындағы жанжалды көрсеткен.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Ұқсас материалдар