Қазақстанда жанар-жағармай нарығындағы баға саясатына бақылау күшейтіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік төрағасы Марат Омаров орталық аппарат пен аумақтық департаменттердің қатысуымен өткен кеңесте өңірлік бөлімшелерге мұнай жеткізушілердің, мұнай өнімдерін көтерме саудада өткізетін компаниялардың, сондай-ақ автожанармай құю (АЖҚС) және автогаз құю станцияларының (АГҚС) баға саясатына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Ведомствоның мәліметінше, мониторинг барысында бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері анықталған жағдайда аумақтық департаменттер монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдайтын болады.
Сонымен қатар Агенттік бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Бұл жоспар нарықтағы негізсіз баға өсімінің алдын алуға және адал бәсекелестікті қолдауға бағытталған.
Бұдан бөлек, өңірлік штабтардың жұмысы шеңберінде мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіліп, жанар-жағармай нарығындағы жағдайға тұрақты бақылау жүргізіледі.
Агенттік мұндай шаралар жанар-жағармай нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті дамытуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ықпал ететінін атап өтті.





