Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

ЗАҢСЫЗ КІРІС: 850 қазақстандық блогерден 500 млн теңге салық өндірді

ЗАҢСЫЗ КІРІС: 850 қазақстандық блогерден 500 млн теңге салық өндірді

Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желілерде танымал 850-ге жуық блогерден 500 млн теңгеге жуық салық өндірді. Камералық бақылаудың нәтижесінде аталған азаматтар тапқан табысы үшін салықтан жалтарғаны анықталып, тиісті шара қолданылған. Бұл жайында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директорының міндетін атқарушы Ерқанат Шыңберген «24KZ» арнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді.

«Мысалы, 2022-2023 жылдар үшін былтыр камералық бақылау жүргізілді. Жалпы 80 мыңға жуық азаматтар камералық бақылауға түсті, оның ішінде әрине блогерлер болды. Олардың саны 850-ге жуық. Осы 850-ге жуық азаматтан 500 млн теңгеге жуық салық өндірілді. Егер камералық бақылау туралы хабарлама орындалмайтын болса, салықтық тексеруге шығамыз. Тексеру нәтижесінде біз бұл салықты тіпті жеке шотына енгізіп, төлетуге мүмкіндігіміз бар. Осындай мәжбүрлеу шаралары бар. Одан басқа, ӘҚБК-ке сай шаралар бар. Бірінші бұзушылық үшін ескерту беріледі», - деді Ерқанат Шыңберген.

Блогерлердің бартер жасасу, сыйлық алуы табысқа жата ма?

«Табыс тек ақшалай қаражат ретінде саналмайды. Белгілі бір мүлік болсын, сыйлық болсын әрдайым табысқа жатады. Одан тиісінше салық төленуі қажет. Көбіне жарнама фактлеріне назар аударамыз. Себебі, бізде блогерлер көбіне жарнама арқылы табыс табады. Жалпы желілерде табыс табу мақсатында жарияланым болса бұларды, міндетті түрде кәсіпкерлік қызмет деп есептейміз», - деп жауап берді Ерқанат Шыңберген.

Түрлі мемлекеттік органдардан, банктерден алынған ақпараттар талданып, декларациялармен салыстырылады. Егер деректер декларацияда көрсетілген ақпаратпен сәйкес келмесе, яғни, салық төлемеу немесе кірістерді азайтып көрсету секілді мәселелер байқалса камералық бақылау нәтижесі бойынша азаматқа хабарлама жолданады.

Хабарламаны орындаудың екі тәсілі бар. Біріншісі, декларацияда сомаларды көрсетіп, тиісінше салық төлеу. Екінші тәсілі, егер салық төлеуші көрсетілген бұзушылықтармен келіспесе, түсіндірме арқылы дәлелдеу мүмкіндігі бар. Ол үшін 30 күн беріледі. Бағдарламаның толық нұсқасын көріңіз.

Ұқсас материалдар