Қазақстан шекарасында жаңғыртудан өткен екі автомобиль өткізу пункті – Өзбекстанмен шекарадағы «Қазығұрт» және Түркіменстан бағытындағы «Темір баба» ресми түрде пайдалануға берілді.
Нысандар Мемлекет басшысының шекара инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында қайта салынды.
«Қазығұрт» пунктінің ашылуына Қаржы министрі Мәди Такиев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Министрдің айтуынша, жаңғырту бағдарламасы Қытай, Өзбекстан және Түркіменстан шекарасындағы барлығы 9 өткізу пунктін қамтиды. Бірқатары қазірдің өзінде толық іске қосылса, жыл соңына дейін «Тәжен», «Майқапшағай» және «Бақты» нүктелерін жаңарту аяқталмақ.
Жаңғырту жұмыстары көлік қозғалысына кедергі келтірмей жүргізілген. Нәтижесінде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарып, өткізу қабілеті тәулігіне 1 000 көлікке дейін артты. Ал жалпы көлік ағыны соңғы жылдары 2,5 есе көбейжі. Мысалы, 2022 жылы 640 мың болса, бүгінде 1,5 млн-ға дейін жетті.
«Қазығұрт» – халықаралық стандарттарға сай жабдықталған заманауи кешен. Мұнда автоматтандырылған тіркеу, рентген сканерлері, салмақ-габарит жүйелері, тепловизорлар мен радиациялық бақылау құралдары орнатылған. Жолаушылар мен көлік түрлеріне арналған бөлек ағындар қауіпсіздік пен ыңғайлылықты арттырады.
Министрлік инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар кеден рәсімдерін цифрландыруды жалғастырып жатыр. Keden ақпараттық жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде, ал 2026 жылға қарай электронды декларацияның толық автоматтандырылған циклі іске қосылады.
Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек жолы» нүктесі де 2026 жылы жаңартылып, өткізу қабілеті тәулігіне 70 мың адамға және 2 мың жеңіл көлікке жетеді. Сондай-ақ Қытаймен бірлескен «Бақты-Покиту» жобасы аясында шамамен 50 млн доллар инвестиция салынып, толық автоматтандырылған логистикалық орталықтар мен «ақылды» көлік дәліздері құрылмақ.
Мәди Такиевтің айтуынша, жаңа өткізу пункттері Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, елді өңірдің негізгі логистикалық хабына айналдыруға серпін береді.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Алматыда испаниялық Joma 2026 жылы шығатын жаңа топтамасын таныстыруда
- 11 желтоқсан, 2025





