
Қазақстан Ұлттық банкі 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады.
Банкноталардың таралымы 5 миллион данамен шектелген.
9 мамыр – бүкіл әлем үшін айтулы күн. Қазақстан Жеңіске қомақты үлес қосты. Республикадан 1,2 миллионға жуық адам жұмылдырылды, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен – 20%-ы. Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімшелерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты. Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық Банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр.

Мерейтойлық банкнотаның дизайны туралы
Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт.
Алдыңғы бетінде:
– Даңқ мемориалы бейнеленген, Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан.
- Микро-оптикалық қорғаныс жолағы. Банкнота бұрышын өзгерткен кезде жолақта тереңдіктің, көлемнің және жылтырдың үш өлшемді әсері, сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.
Екінші бетінде:
- тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен Қазақстан картасы бейнеленген. Суреттерді www.kfdz.kz Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві» РММ ұсынды.
- ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген.
Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.