
Президенттің тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан тәркіленген барлық қаржы әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталып жатыр.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы қайтарылған 153,3 млрд теңге есебінен 89 мектептің құрылысына қаржы бөлінді.
Осы 89 мектептің 61-і (74,4 мың орын) салынып, пайдалануға берілді, оның 29-ы ауылдық жерлерде орналасқан, деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров.
– Бұл шара 6 үш ауысымды, 2 апатты және 1 тозығы жеткен мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Былтыр 25 жаңа мектеп салынды, олардың басым бөлігі Астана қаласында, сондай-ақ Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан. Барлық білім беру ұйымдары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалған, – деді ресми өкіл.
Биыл 22 мың оқушыға арналған тағы 28 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қаржыландырудың өзге көзі "Арнаулы мемлекеттік қор" болып табылады, ол мемлекет меншігіне қайтарылған мүлікті сатудан алынған түсімдер мен қаражат есебінен, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күштерімен толықтырылады.
Ақшаның бір бөлігі ауылдық жерлердегі 7 мектепті (Атырау, Түркістан облыстарында, Жетісу және Ұлытау облыстарында), 2 спорт кешенін (Ақмола және Алматы облыстарында), 1 жатақхананы (Шымкент қаласында) және 2 балабақшаны (Ақтөбе және Петропавл қалаларында) қоса алғанда, 12 нысан салуға бағытталды.
Сонымен қатар, елордада Арнайы мемлекеттік қор қаражатына Қ. Мұнайтпасова атындағы 3598 орындық жаңа стадион салынады.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы 105 нысан (Риддер қаласындағы көпфункционалды аурухана кешені, жедел жәрдем станциялары, медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, зертханалар), 162 сумен жабдықтау жүйелері (су құбыры және тарату желілері, су тарту және қысым-реттеу құрылыстары) мақұлданды.
Арнайы мемлекеттік қордан еліміздің әртүрлі өңірлерінде 223,9 млрд теңгеге 280-ге жуық әлеуметтік маңызы бар нысандарды инвестициялауға қолдау көрсетілді.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллион 130 миллиард теңгеден астам актив қайтарылды. Активтердің едәуір бөлігі – 670 миллион АҚШ доллары шетелден қайтқан.