Қазақстанда бизнеске қойылатын талаптарды жүйелеуге арналған жаңа цифрлық жоба таныстырылды.
Үкімет отырысында Міндетті талаптар тізілімінің жасанды интеллект негізіндегі жүйесі көпшілікке ұсынылды. Жиынды Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жүргізді.
Жаңа платформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы аясында әзірленген. Жүйе кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды заңнамалық актілерден, тексеру парақтарынан және рұқсат беру құжаттарынан автоматты түрде жинақтайды.
Әзірлеушілердің мәліметінше, пилоттық кезеңде жүйенің дәлдігі 93–95 пайызға жеткен. Қазіргі таңда базаға 67 мыңнан астам заң талаптары мен 64 мың тексеру нормасы енгізілген. Ең көп талап денсаулық сақтау саласында тіркелген.
Жоба кәсіпкерлер үшін талаптарды түсінікті әрі қолжетімді етуді көздейді. Сонымен қатар қайталанатын және артық нормаларды анықтап, әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жүйені енгізу жұмыстары Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және мемлекеттік органдардың қатысуымен жалғасып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект толық жетілдіріліп, бизнес талаптарын автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді.





