
Бұл жолы орталық қызметкерлері қалаға жақын орналасқан, туристер жиі баратын Алмаарасан шатқалының Өткелді аймағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ұжым бірнеше қап тұрмыстық қоқыс жинап, демалыс орнының келбетін жаңартты.
Іле-Алатау ұлттық паркінің қызметкерлері де шараға атсалысып, Өткелді шатқалына келушілер санының жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Олардың айтуынша, табиғатты қорғау – барша азаматтың ортақ міндеті.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы филиалының директоры Мәулен Әліпов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, жұртшылықты табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды: «Біз мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясын қолдай отырып, ұжымымызбен Іле-Алатау ұлттық паркіндегі Өткелді шатқалында тазалық жұмыстарын жүргіздік. Қала тұрғындары мен қонақтары жиі келетін орын таза болуы тиіс деп санаймыз», – деді ол.
Бұл шара қоршаған ортаны қорғау мәдениетін арттырып қана қоймай, экотуризмді дамытуға да оң ықпал етеді. Мамандардың пікірінше, табиғатты аялау – әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы керек.