Қазақстанда жүргізушілерді даярлау жүйесіне қойылатын талаптар күшейтіледі. Мемлекет басшысы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңға қол қойды.
Әңгіме цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң туралы болып отыр.
Жаңа түзетулер жүргізушілерді даярлау сапасын арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
Заңға сәйкес, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган – Ішкі істер министрлігіне жүргізушілерді оқытатын ұйымдарға рұқсат беру және олардың қызметіне бақылау жүргізу құзыреті беріледі.
Қазіргі уақытта елімізде жүргізушілерді даярлаумен 819 оқу ұйымы айналысады. Жыл сайын 140 мыңнан астам азамат алғаш рет жүргізуші куәлігін алады. Сондықтан мамандар жүргізушілерді сапалы даярлау жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін атап өтеді.
Заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – электр самокаттарының тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруіне шектеу қою. Бұл шешім жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданған.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы электр самокаттары жүргізушілерінің қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 149 адам жарақат алған.
Сонымен қатар заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға тыйым салатын норма алынып тасталады.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейтіледі. Сондай-ақ электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері енгізіледі.
Мемлекеттік органдардың мәліметінше, қабылданған түзетулер жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге, заманауи көлік түрлерін реттеуге және барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.





