
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты.
«Қазіргі таңда елімізде аграрлық сала оң динамиканы көрсетіп отыр. Халық қолжетімді азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етілген. Биылғы жылдың 5 айының қорытындысында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 4 пайызға ұлғайып, 1,3 трлн теңгені құрады. Біз жыл сайын ішкі қажеттілік шамамен 10 млн тонна болған кезде 20 млн тоннадан астам астық өндіреміз. Өткен жылы астық өнімі бойынша рекордтық жыл болып, 26,7 млн тонна астық бастырылды. Бұл 2023 жылғы деңгейден 1,5 есе артық», – деді ол.
Оның айтуынша, өндірістің өсуі күріш, қарақұмық, майлы дақылдар, картоп сияқты басқа да негізгі дақылдарда байқалады. Мәселен, күріш 2023 жылдан 16 пайыз артық бастырылып, 563,1 мың тонна өнім алынды. 118,1 мың тонна қарақұмық жиналды. Май тұқымдарының жалпы түсімі 3,2 млн тонна болды. Бұл өткен жылғы деңгейден 46 пайызға көп. Оның ішінде күнбағыс өткен жылмен салыстырғанда – 35, картоп 40 пайызға мол жиналды.
«Мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Биыл 5 айда ірі қара мал басы - 23,4, қой мен ешкі – 7,8, жылқы – 12,2, құс 2,2 пайызға артты. Ет өндірісі – 3, құс еті 6,2 пайызға ұлғайды. Жыл басынан бері 1,3 млн тонна сүт өндірілді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінің деңгейінен 7,5 пайызға көп. Тауық жұмыртқасы 200 млн данаға артық», – деді Ербол Тасжүреков.