
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылуына байланысты төлем алып отырғандардың саны 244,3 мың адамға жетті.
Олардың ішінде биыл алғаш рет 188,1 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалған. Жалпы төлем сомасы 73,2 млрд теңгені құрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына қарай 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем ала алады. Бұл төлемдер жоғалған табыстың 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүргізіледі.
Әлеуметтік төлем алу тәртібі
Жұмысынан айырылған адамға төлем алу үшін келесі қадамдар қажет:
-
eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өту;
-
«Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінен «Жұмыс іздеушіні тіркеу» қызметін таңдау;
-
онлайн өтінімді толтырып, ЭЦҚ-мен қол қою;
-
бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі мансап орталығынан бос жұмыс орындары ұсынылады;
-
егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан «жұмыссыз» мәртебесі беріледі (қажет болса, орталық қызметкері қосымша ақпарат үшін хабарласады).
Бұл қызметті enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы да рәсімдеуге болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда министрліктің ақпараттық жүйесі азаматқа проактивті түрде SMS-хабарлама жолдап, әлеуметтік төлем тағайындауға келісімін сұрайды. Келіскен жағдайда жауап беру жеткілікті, төлем автоматты түрде рәсімделеді.
Министрлік еске салғандай, жұмыстан шығу себебіне қарамастан, МӘСҚ қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлем жұмыссыз қалған азаматты жаңа жұмыс іздеген кезеңде қолдауға бағытталған.