Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

1,2 млрд теңге шығын: «Восток Инжиниринг» басшысы іздеуге жарияланды

1,2 млрд теңге шығын: «Восток Инжиниринг» басшысы іздеуге жарияланды

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты ірі қаржылық заңбұзушылық фактісі бойынша «Восток Инжиниринг» ЖШС басшысына іздеу жарияланды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, тергеу 2020-2023 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан және Абай облыстары аумағында орналасқан жеті әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына техникалық қадағалау жүргізген компания қызметіне қатысты жүргізіліп жатыр.

Компания дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сумен жабдықтау нысандары және жағалауды бекіту құрылыстары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі мен сапасын бақылауға, сондай-ақ олардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін растауға міндетті болған.

Алайда тергеу мәліметінше, кәсіпорын көрсетілген қызметтер үшін бюджет қаражатын алғанымен, құрылыс жұмыстарына тиісті техникалық бақылау жүргізбеген. Сонымен қатар компания басшысы нақты орындалмаған жұмыстар бойынша жалған мәліметтер енгізілген қабылдау актілеріне қол қойған деген күдікке ілінді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, жүргізілген тінту барысында мөрлердің көшірмелері мен жалған құжаттар анықталған.

Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 1,2 млрд теңгеден асады.

«ЖШС басшысы іздеуге жарияланды. Соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай таңдалды», – делінген агенттік хабарламасында.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.

Ұқсас материалдар